Негізгі мазмұнға өту

Компания тарихы

«Волковгеология» АҚ — уран кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде 78 жылдық тәжірибесі бар Қазақстанның бірегей компаниясы. Кәсіпорынның тарихы 1948 жылғы 1 қаңтарда басталды: сол күні КСРО Геология министрінің бұйрығымен Қазақстан аумағында уран кендерін іздеу және барлау үшін Волков геологиялық барлау экспедициясы құрылды.

Шежірені Қоғамның мұрағаттық деректері бойынша Стратегиялық даму және бизнес-әкімшілендіру департаменті дайындады.

1948–1959

Экспедицияның құрылуы және алғашқы кен орындары

  1. 1948

    1 қаңтарда Волков экспедициясы құрылды: КСРО Геология министрлігінің 1947 жылғы 29 қазандағы № 173 бұйрығымен оған Қазақстан аумағында уран кендерін іздеу және барлау міндеттері жүктелді.

  2. 1951

    Қордай уран кен орны ашылды — Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік уран нысаны.

  3. 1953

    Қордай кен орны барланып, өнеркәсіптік пайдалануға берілді; оның негізінде Қырғыз тау-кен комбинатының өндіруші кәсіпорындары құрылды. Сол жылы Ботабурум және Қызылсай кен орындары ашылды.

  4. 1954

    Солтүстік Қазақстанда Кубасадыр, Балкашин және Шат уран кен орындары анықталды — Солтүстік Қазақстан уран кенді провинциясының қалыптасуы осыдан басталды.

  5. 1957

    Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда, Іле ойпатының оңтүстік жиегінде көмір қабаттарының жабынымен байланысты Көлжат кен орны ашылды.

1960–1980-жж.

Уран кенді провинциялардың ашылуы

  1. 1960-жж.

    Жұмыстар уранның эпигенетикалық кен орындарын іздеуге қайта бағдарланды.

  2. 1961

    Қабаттық тотығу аймақтарымен байланысты кен орындарын белсенді іздеу жүргізілді. Уванас, Қызылкөл, Шаян және Лунное кен орындары анықталды.

  3. 1969

    Қабаттық-инфильтрациялық Уванас кен орнын барлау басталды; кейін ол жерасты ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен пайдалануға берілді.

  4. 1972

    Қанжуған уран кен орны анықталды. Кейін ол үш палеоцен-эоцен горизонтында кенденуі бар ірірек Мойынқұм кен орнының оңтүстік қапталы болып шықты.

  5. 1976

    Бүгінге дейін ЖҰШ әдісімен игеріліп жатқан бірегей Мыңқұдық кен орны ашылды.

  6. 1979

    Шу-Сарысу ойпатының жоғарғы бор шөгінділерінен ауқымы жағынан бірегей Инкай және Буденовское кен орындары анықталды.

  7. 1980

    Геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша Шу-Сарысу ойпаты ең ірі уран кенді провинция ретінде қалыптасты — уранды жерасты шаймалау әдісімен өндіруге арналған ұзақ мерзімді әрі сенімді минералдық-шикізат базасы.

  8. 1981

    Көлжат уран-көмір кен орнын барлау аяқталып, ол ірі көпкомпонентті нысандар санатына ауыстырылды: энергетикалық қоңыр көмірмен қатар технологиялық көмірлер мен құмтас қабаттарындағы уран, молибден және бірқатар ілеспе элементтердің қорлары өнеркәсіптік маңызға ие.

  9. 1983

    КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1983 жылғы 30 тамыздағы Жарлығымен Волков өндірістік геологиялық бірлестігі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

  10. 1986

    КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесі, КОБОК және БЛКЖО ОК бірлестік ұжымын «Он бірінші бесжылдықтағы жұмыстың жоғары тиімділігі мен сапасы үшін» естелік белгісімен марапаттап, КСРО ХШЖК-нің Бүкілодақтық Құрмет тақтасына енгізді.

1990-жж.

Ұлттық атом компаниясының құрамында

  1. 1992

    Атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының Қазақ мемлекеттік корпорациясы құрылды.

  2. 1993
    • Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 23 маусымдағы № 1291 «Шаруашылық басқару органдарының жүйесін жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес Министрлер Кабинеті корпорацияны «КАТЭП» атом энергетикасы және өнеркәсібі жөніндегі ұлттық акционерлік компаниясына қайта құрды. Осы сәттен бастап «Волковгеология» АҚ — КАТЭП құрамында.
    • Жұмыс істеп тұрған жерасты шаймалау кеніштері үшін технологиялық ұңғымаларды бұрғылау игерілді.
  3. 1995

    Родниковое полиметалл кен орнын егжей-тегжейлі барлау аяқталды.

  4. 1997

    «Волковгеология» АҚ толық ядролық отын циклі бар тік интеграцияланған компанияның қалыптасуына толыққанды қатысушы ретінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енді.

2000–2010-жж.

Егжей-тегжейлі барлау және қорларды бағалау

  1. 2004

    Мойынқұм кен орнының Төрткұдық учаскесін егжей-тегжейлі барлау аяқталды.

  2. 2007

    Инкай кен орнының № 2 учаскесіндегі уран қорлары бағаланып, мемлекеттік балансқа қойылды.

  3. 2010

    Мыңқұдық кен орнының Орталық учаскесін өнеркәсіптік бағалау аяқталды.

  4. 2011

    Мыңқұдық кен орнының Батыс учаскесіндегі уран қорлары барланып, мемлекеттік балансқа қойылды.

  5. 2013

    Ірі Буденовское кен орнының № 1 учаскесін егжей-тегжейлі барлау аяқталды.

  6. 2015

    Инкай кен орнының № 3 учаскесінің қорларына геологиялық-экономикалық бағалау жүргізілді.

  7. 2016

    «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі 2016–2027 жылдарға арналған іздеу жұмыстарының бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Ол Шу-Сарысу және Сырдария уран кенді провинцияларының перспективалы алаңдарында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан өңірінде — Қазақ қалқанының шығыс және солтүстік-шығыс жиектерінде уран іздеуді көздейді.

  8. 2017

    Ақдала кен орнының Летний учаскесінде егжей-тегжейлі барлау жүргізілді.

  9. 2018

    Сырдария ойпаты шегінде Солтүстік Харасан кен орнының № 1 және № 2 учаскелеріндегі уран қорларын егжей-тегжейлі барлау жүргізілді.

  10. 2019

    Ірі инвестициялық жоба аяқталды: тау жыныстарын, кендерді, жерасты және жерүсті суларын, топырақты және басқа да материалдарды сынауға арналған заманауи жабдықпен жарақталған зерттеу зертханасының жаңа ғимараты салынды.

2020-жж.

Уранның минералдық-шикізат базасын толықтыру

  1. 2020

    2016–2027 жылдарға арналған іздеу жұмыстарының бағдарламасы бойынша Шу-Сарысу және Сырдария уран кенді провинцияларында уран іздеу жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша Шығыс және Аққұм-Жаңақорған алаңдарының ресурстары бағаланды.

  2. 2021

    Батыс Мыңқұдық кен орнында егжей-тегжейлі барлау, Буденовское 6 және 7 учаскелерінде іздеу-бағалау жұмыстары жүргізілді.

  3. 2022
    • Солтүстік Харасан кен орнының № 1 учаскесінде уранды қосымша барлау аяқталды; қорларды есептеу 2023 жылы орындалды.
    • Семізбай кен орнының уран қорлары қайта есептеліп, мемлекеттік балансқа қойылды.
    • «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі 2016–2038 жылдарға арналған іздеу жұмыстарының бағдарламасы өзектендіріліп, бекітілді.
  4. 2023
    • Инкай кен орнының № 2 учаскесінде уранды қосымша барлау аяқталды; қорларды есептеу 2024 жылы орындалды.
    • Буденовское кен орнының № 6 және № 7 учаскелерінде егжей-тегжейлі барлау жүргізілді.
    • Солтүстік Харасан кен орнының № 1 учаскесіндегі уран қорлары есептеліп, мемлекеттік балансқа қойылды.
    • Батыс Мыңқұдық кен орнын геологиялық зерттеу туралы есеп аяқталды.
  5. 2024
    • Шу-Сарысу уран кенді провинциясындағы Шығыс Жалпақ учаскесінде барлау жұмыстары басталды; барлау бұрғылауын геологиялық сүйемелдеу орындалды.
    • Инкай кен орнының № 2 учаскесі бойынша уран қорларын есептеу бойынша есеп жасалып, учаскені қосымша барлау жоспары әзірленді.
  6. 2025
    • Буденовское 5/1, 5/3 және Солтүстік Буденовское учаскелерін барлау жоспарлары әзірленді.
    • Шу-Сарысу уран кенді провинциясындағы Инкай-Мыңқұдық, Инкай № 2 (Оңтүстік қапталы), Буденовское 5/1 және 5/3 учаскелерінде геологиялық барлау басталды; барлау бұрғылауын геологиялық сүйемелдеу орындалды.
Компания туралы