Негізгі мазмұнға өту
01 қыркүйек 2026

ҚБТУ-да «Уран ісі» бағдарламасына арналған аудитория мен бұрғылау полигоны ашылды

ҚБТУ оқу полигонындағы БПУ-1200 МК бұрғылау қондырғысы

Қазақстан-Британ техникалық университетінде (ҚБТУ) атом және уран өнеркәсібіне арналған алғашқы мамандандырылған кабинет ашылды. Жоба «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бастамасымен «Уран ісі» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналып іске асырылды.

Университеттің оқу полигонында БПУ-1200 МК бұрғылау қондырғысы орнатылып, пайдалануға берілді. Қондырғы ҚБТУ-ның 25 жылдық мерейтойы аясында «Волковгеология» АҚ атынан Қазатомөнеркәсіптің қолдауымен болашақ мамандарды даярлау мақсатында табысталды.

Салтанатты шараға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Меиржан Юсупов, ҚБТУ ректоры Маратбек Габдуллин, «Волковгеология» АҚ басқарма төрағасы Максат Жылкайдаров және бағдарламаның бірінші курс студенттері қатысты.

«Уран ісі» білім беру бағдарламасы 2025 жылы іске қосылды. Уран өнеркәсібіне қажет кадр даярлауға бағытталған бағдарламаны ҚБТУ оқытушылары мен Қазатомөнеркәсіп мамандары бірлесіп әзірлеген. Былтыр 40-тан астам студент білім алса, биыл бірінші курсқа 70 студент қабылданды. Бұл жастардың атом энергетикасы мен уран өнеркәсібіне қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан 2009 жылдан бері уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы. Саланы одан әрі дамыту үшін елге заманауи кадрлар қажет, сондықтан жас мамандарды даярлау құрамына «Волковгеология» АҚ кіретін Қазатомөнеркәсіп тобының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Оқиға туралы бейнесюжеттер: қазақ тілінде және орыс тілінде («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Instagram парақшасы).