Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысын қамтитын ауқымды бағдарламаны іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Қызылорда облысының әкімдігі өңірде 2026–2027 жылдары әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға сәйкес, Қазатомөнеркәсіп және оның еншілес әрі тәуелді ұйымдары әлеуметтік маңызы бар үш жобаны қаржыландыруға 2,1 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады:
- Жаңақорған ауданының Ақжол ауылында 150 орындық, ауданы 740 м² ауылдық клуб салу; іргелес аумақты көгалдандыру алаңы 3 800 м²-ден асады;
- Жаңақорған ауданының Жаңақорған кентінде ауданы шамамен 780 м² болатын емхана салу; іргелес аумақты көгалдандыру алаңы 4 700 м²-ден асады;
- Шиелі ауданының Байтерек ауылында ауданы 972 м² болатын спорт кешенін салу; ол бір мезгілде 150-ге дейін баланы қабылдай алады.
Іске асып жатқан жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, рухани-мәдени құндылықтарды жаңғыртып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Қызылорда облысының әкімдігімен ынтымақтастық Қазатомөнеркәсіптің өңірлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Дереккөз: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ баспасөз қызметі.

